Бүгін республикалық референдум аясында Келес ауданының тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Ауданның көптеген тұрғындары, соның ішінде әжелер мен қарттар, ұлттық киім киіп, тұрғылықты мекенжайлары бойынша тіркелген референдум учаскелеріне келді. Бұл әрекет – ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершіліктің тамаша үйлесімі болды.
Тұрғындардың бірі өз әсерімен бөлісіп:
«Ұлттық киім киіп, ел болашағына қатысты маңызды шешімге қатысу – үлкен құрмет. Біз әрдайым өзіміздің ұрпағымыз бен ел үшін ойлаймыз», – деді.
Келес ауданында барлығы 61 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылған учаскелерде тұрғындар өз таңдауларын жасап жатыр.
Жалпы аудан бойынша 131 093 тұрғын, оның ішінде 69 812 азамат дауыс беру құқығына ие. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.