Бүгін елімізде өтіп жатқан республикалық референдумда Келес ауданының жастары да белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Солардың бірі – Абай ауылының тұрғыны, 18 жасқа толған Ерубай Өркен Нұрмұхаммедұлы.
Жас азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген №324 референдум учаскесіне барып, өмірінде алғаш рет дауыс берді. Бұл сәт ол үшін ерекше әрі жауапты күн болды.
Алғаш рет дауыс беруші ретінде оған учаске комиссиясы тарапынан құрмет көрсетіліп, естелік сыйлық табысталды. Өркен Нұрмұхаммедұлы өз әсерімен бөлісті.
— Бүгін мен үшін ерекше күн. Өмірімде алғаш рет дауыс беріп, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлесімді қосып отырмын. Әр азамат мұндай маңызды сәтте белсенді болып, өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын, – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасында жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Келес ауданында барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, тұрғындар өз таңдауларын жасауда.