Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округінде ағалы-інілі Хуршид және Бақберген Исраиловтар үй іргелес жердегі 12 сотық аумақта шағын жылыжайда гүл өсіру ісін жүргізіп отыр. Қазір олар 50 түрлі бөлме және дала гүлдерін өсіруде.
— Біз бұл істі үш жыл бұрын бастадық. Бастапқыда өзімізге ұнаған бірнеше сортты Ташкенттен алдық, ал қалғанын өзіміз жетілдірдік. Қазір гүлдерімізді Шымкент, Алматы және Қызылорда қалаларына өткіземіз, – дейді Хуршид Исраилов.
Шаруа жылына 10-15 млн теңге табыс табатынын айтады. Қазіргі жылыжайдан бөлек, олар ауылдағы 20 сотық аумаққа да гүл өсіруді жоспарлап отыр. Осы мақсатта әкімдік қызметкерлері мемлекеттен жеңілдетілген несие рәсімдеуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
— Бізге мемлекеттің қолдауы өте қажет. Жоспарымыз үлкен, бірақ әр қадамды дұрыс жасай отырып, ауылдағы гүл шаруашылығын дамытқымыз келеді, – дейді Бақберген Исраилов.
Жобаның жалпы құны 15 млн теңге көлемінде бағаланған. Ауылдағы шағын кәсіпкерлердің еңбегі мен табандылығы өз ісін дамытудың жақсы үлгісі болып отыр.