КЕЛЕСТЕ ЖАҢА БАҚ ӨСІРУ ЖОБАСЫ: 30 ГЕКТАРҒА ШАБДАЛЫ, ШИЕ ЖӘНЕ ЖҮЗІМ ЕГІЛУДЕ

КЕЛЕСТЕ ЖАҢА БАҚ ӨСІРУ ЖОБАСЫ: 30 ГЕКТАРҒА ШАБДАЛЫ, ШИЕ ЖӘНЕ ЖҮЗІМ ЕГІЛУДЕ
Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округінде жаңа бау-бақша жобасы қолға алынды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бастама аясында 30 гектар аумаққа шабдалы, шие және жүзім көшеттері егілуде.
Аталған жоба «Ұлы Дала–2017» ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы жүзеге асуда. Кооператив өткен жылы құрылған. Кооператив төрағасы – жергілікті кәсіпкер Нұржан Омаров. Шаруашылықты дамыту мақсатында кәсіпкер жергілікті атқарушы органнан жер сұрап, нәтижесінде 30 гектар жер телімі 9 жыл 10 ай мерзімге жалға берілген.
Жоба жоспарына сәйкес, 30 гектар жердің 25 гектарына шабдалы, 3 гектарына шие (черешня), ал 2 гектарына элиталық жүзім отырғызу көзделген. Қазіргі таңда 2 гектар аумаққа шабдалы көшеттері егілген.
Сонымен қатар шаруа өткен жылы Біртілек ауылдық округі аумағындағы 5 гектар жерге де шабдалы отырғызған. Қазіргі уақытта шаруашылық Түркиядан шабдалының төрт түрлі сұрыпын және шие көшеттерін алдыртып жатыр. Ал жүзімнің элиталық көшеттері Қытайдан жеткізілуде.
Жобада заманауи агротехнологияларды енгізу де қарастырылған. Атап айтқанда, барлық 30 гектар аумақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтылады. Қазіргі таңда шаруашылықта электр қуатын қамтамасыз ету үшін трансформатор орнатылып, су жинақтайтын бассейн дайындалған.
Жобаның жалпы құны – 131 миллион теңге. Бүгінде кооператив мемлекеттік қолдау шаралары аясында субсидия алуға өтінім беріп жатыр.
Кооператив төрағасы Нұржан Омаров бұл бастаманың ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін айтады.
– Басты мақсатымыз – ауылда интенсивті бау-бақша шаруашылығын дамыту. Қазіргі таңда Түркиядан шабдалының төрт түрлі сұрыпын, сондай-ақ шие көшеттерін алдыртып жатырмыз. Ал жүзім көшеттері Қытайдан жеткізіледі. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін толық іске қосып, сапалы өнім алып, ішкі нарықты жеміс-жидекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа.
Жоба толық жүзеге асқанда жаңа бау-бақша алқабы өңірдегі жеміс-жидек өндірісін арттырып, ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.