КЕЛЕСТЕ ТЕОЛОГ МАМАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

КЕЛЕСТЕ ТЕОЛОГ МАМАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Келес ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараны Келес ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшысы Ерлан Ибраимов жүргізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерге заң талаптары, қызметтік әдеп нормалары және мемлекеттік қызметтің бейтараптық қағидаттары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өз сөзінде Ерлан Ибраимов мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысында заң талаптарын қатаң сақтауы және діни мәселелерде бейтарап ұстанымды ұстануы маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметші ең алдымен заң талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Әріптестерге немесе қоластындағы қызметкерлерге жеке діни көзқарастарын таңуға, оларды қандай да бір діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды шарттарының бірі, – деді бөлімше басшысы.
Жиынға арнайы шақыртумен Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог маманы Дінмұхамед Жолдасбайұлы Зиябек қатысты.
Кездесу барысында теолог маман күн тәртібіндегі мәселеге байланысты мазмұнды баяндама жасап, деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсерлері жөнінде айтты. Ол мемлекеттік қызметшілердің діни сеніміне құрметпен қарау, қызмет бабын діни насихат мақсатында пайдаланбау және бейтараптық қағидатын сақтау маңызды екенін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, дін саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу жүргізілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға бағытталмақ.