8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Келес ауданында аналарды қолдауға бағытталған әлеуметтік шаралар жалғасуда.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, қоғамдағы әйелдердің, әсіресе аналардың орны айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде көп балалы аналарды қолдау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Биыл Келес ауданында 5 944 көп балалы анаға қолдау көрсету мақсатында әрқайсысына 8 650 теңге көлемінде қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар, аналардың еңбегін бағалау мақсатында бірқатар аналар мемлекеттік марапаттарға ие болмақ. Атап айтқанда, 1 827 анаға «Алтын алқа», 3 814 анаға «Күміс алқа», 120 анаға «Батыр ана», 183 анаға І–ІІ дәрежелі алқалар табысталады.
Аудан басшысы мереке қарсаңында аналарды құрметтеу мен қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті.
— Ана – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Сіздердің мейірімдеріңіз бен еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Барша аналар мен аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Айта кетейік, Келес ауданында аналар мен отбасы институтын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.