Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданындағы шегіртке зиянкесінің ошақты аймақтарын аралап, мамандармен бірге күбіршелердің орналасу тығыздығын зерделеді.
Зерттеу жұмыстары барысында Келес ауданына қарасты Бозай және Бірлік ауылдық округтеріндегі алқаптар тексерілді. Мамандар 250 гектар аумаққа зерттеу жүргізіп, оның 23 гектарында шегіртке күбіршелері анықталған.
Анықталған аумақтарда 1 шаршы метр жердегі күбірше тығыздығы орта есеппен 30-60 дана аралығын құрап отыр. Болжам орталығының мамандары зиянкестің таралуын тұрақты бақылауда ұстап, алдағы кезеңге қажетті шараларды пысықтауда.
Мамандардың айтуынша, кей алқаптарда күбірше тығыздығы төмен болғанымен, оның таралу аумағы ұлғаюы мүмкін. Сондықтан шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру маңызды.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты сала мамандарына жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.