Келес ауданындағы Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйел-қыздар күніне арналған «Әлемді аялаған – Ана» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні келестік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің сән-салтанаты мен Отанымыздың мерейінің үстем болуында нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатқандығын айтып өтті.
– Әйел - тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, қоғамның ажары. Бүгінде нәзік жандылар әртүрлі салаларда табысты еңбек етіп, қоғам дамуына үлес қосып келеді. Қызметіңіз қандай болса да, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген қажыр-қайраттарыңыз ерекше құрметке лайық. Ауданымызда аналарды қолдау үшін 5 944 көп балалы анаға әрқайсысына 8 650 теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Оның ішінде, 1827 анаға Алтын алқа, 3 814 анаға Күміс алқа, 120 анаға Батыр ана, 183 анаға 1–2 дәрежелі алқа табысталмақ. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әр шаңырақта береке-бірлік орнап, жүздеріңізден күлкі кетпесін, - деді аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.
Аудан әкімінің атынан залға жиналған барлық аналар мен қыз-келіншектерге сый-сыяпат пен алқызыл гүлдер тарту етілді. Көктемнің көрікті мерекесінде аналардың көңілдері шаттық пен қуанышқа, құшақтары гүлге толды. Салтанатты шара соңы аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, барша аруларға мерекелік көңіл-күй сыйланды.