КЕЛЕСТЕ ТҮРЛІ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

КЕЛЕСТЕ ТҮРЛІ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Көктемнің көрікті мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Келес ауданы әкімі Жәнібек Ағыбаев түрлі салада еңбек етіп жүрген өңірдің әйелдер қауымымен, сондай-ақ спортта және өнерде жетістіктерге жеткен жастармен кездесті. Жиынға білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты.
Жиында аудан әкімі жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны мен ел дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдерге қолайлы жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі атап өтіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің дамуы мен қоғамның тұрақтылығы үшін ерекше маңызға ие. Қазақ халқы қашанда әйел-ананы құрметтеп, оның қоғамдағы орнын жоғары бағалаған. Бесікті тербетіп, ұрпақ тәрбиелеген аналарымыз ел бірлігінің ұйытқысы, шаңырағымыздың берекесі саналады. Өңіріміздің дамуына қосып жүрген адал еңбектеріңіз бен белсенді қызметтеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Жәнібек Ағыбаев.
Шара барысында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар әйел азаматтарға аудан әкімінің арнайы мерекелік құттықтау хаттары табысталып, сый-сияпаттар мен әсем гүл шоқтары ұсынылды.
Кездесу соңында аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы жиналған қауымға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, әсем ән арқылы кештің сәнін кіргізді. Мерекелік шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әйелдерге деген құрмет пен ілтипаттың жарқын көрінісіне айналды.