Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында Абай ауылы әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстары және әлеуметтік саладағы бірқатар мекемелердің жылдық қорытындылары қаралды.
Жиында күн тәртібіне сәйкес Абай ауылының әкімі Асылбек Жұманов ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Баяндамашының айтуынша, 2025 жылы инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп, ауыз су, электр, жол және абаттандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылған. Асанқайғы көшесіндегі су ұңғымалары іске қосылып, тәулігіне 750–800 текше метр ауыз су берілуде. Сонымен қатар «Зах» каналы арқылы магистралды су құбырын тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланған.
Бірқатар көшелерге жаңа электр желілері тартылып, ауыл толық табиғи газбен қамтылғаны айтылды. Ауылдағы 120 көшенің 92 пайызы асфальтталған. 2025 жылы бірнеше көше жөндеуден өткізіліп, орталық көшелерді жаңғырту жұмыстары 2026 жылға өтпелі болып белгіленген.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Қазыналы қария – Тең қоғам әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директоры Айгерім Төлепбергенова 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және мәдени қолдау шаралары ұйымдастырылғаны айтылды.
Сонымен қатар Отбасын қолдау орталығы директоры Рашид Жұмабеков мекеменің жылдық жұмысын таныстырды. Есепті кезеңде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға құқықтық және психологиялық кеңестер беріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылған.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды тапсырды.