Алғыс айту күніне орай Келес ауданы аумағында игі шара ұйымдастырылды. Аудан орталығы — Абай ауылы тұрғындары Шығыс мөлтек ауданы аумағында 200-ге жуық шынар ағашын отырғызды.
Жалпыұлттық мерекенің мән-мағынасына сай өткен шараға ауыл тұрғындары, жастар мен белсенділер атсалысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Ізгі бастамаға ауыл әкімі Асылбек Жұманов қатысып, көпшілікпен бірге ағаш отырғызды.
— Алғыс айту күні – бірлік пен татулықтың, өзара құрмет пен сыйластықтың мерекесі. Бүгінгі отырғызылған әрбір тал – туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Болашақ ұрпаққа жасыл, көрікті ауыл қалдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай игі іске белсенді қатысқан барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді ауыл әкімі.
Айта кетейік, егілген шынар ағаштары алдағы уақытта күтіп-баптау жұмыстары арқылы саялы аймаққа айналмақ. Тұрғындар мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.