Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасы аясында елді мекендердің дамуын айқындайтын бас жоспарларды қайта қарау және толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округ әкімдері мен мердігер мекеме өкілдерімен бірлесе жасалып жатқан бұл жұмыстар аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиевтің бақылауында жүзеге асырылуда.
Ошақты ауылдық округінің Ошақты және Ұшқын ауылдық округінің Қоралас елді мекендерінде алдағы даму бағыттары, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік нысандарды орналастыру және жер пайдалану мәселелері қарастырылған.
– Бас жоспарларды әзірлеу кезінде біз ең алдымен тұрғындардың қажеттіліктерін, әлеуметтік инфрақұрылымды, көлік және коммуналдық желілерді кешенді түрде қарастырамыз. Жоспарланған жобалар ауылдың даму мүмкіндіктерін толық ашып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс – дейді бөлім басшысы Нұрмаханбет Нархозиев.
Сонымен қатар, Біртілек ауылдық округінің Біртілек және Ораз ата елді мекендерінің бас жоспарлары да қайта түзетілу үстінде. Аудан бойынша 83 елді мекеннің 29-ына бас жоспарларын қайта жасау жоспарланған. Ағымдағы жылы 8 елді мекенге бас жоспарларды қайта әзірлеу үшін бюджеттен қаржы бөлу ұсынылған.