КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЕЛ БІРЛІГІ МЕН ТАТУЛЫҒЫН ДӘРІПТЕЙТІН МЕРЕКЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЕЛ БІРЛІГІ МЕН ТАТУЛЫҒЫН ДӘРІПТЕЙТІН МЕРЕКЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Келес ауданындағы Шұқырсай елдімекенінде 1 Наурыз – Алғыс айту күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ақсақалдар кеңесінің өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Нұрланұлы көпшілікті мерекемен құттықтап, Алғыс айту күнінің мәні мен маңызына тоқталды.
– Алғыс айту күні – ел бірлігі мен татулығын нығайтатын, өзара құрмет пен сыйластықты дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн – түрлі тарихи кезеңдерде қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің кеңпейіл қазақ халқына деген ризашылығын білдіретін тағылымды дата. Осы орайда ауданымыздың өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіріп жүрген ардагерлерге, ұстаздарға, дәрігерлерге, кәсіпкерлерге, жастарға және барша тұрғындарға шынайы алғысымды білдіремін. Ынтымағы жарасқан елдің болашағы қашанда баянды. Әр шаңыраққа амандық, береке және бақ-дәулет тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар жиында этномәдени бірлестіктердің төрағалары сөз сөйлеп, Қазақстан халқының бірлігі мен татулығының маңызын атап өтті. Олар қазақ халқына және Қазақстан еліне ризашылықтарын білдіріп, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін ерекше атап өтті.
Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара өзара сыйластық пен ризашылық құндылықтарын дәріптеген мазмұнды басқосу ретінде қорытындыланды.