Өткен жылдың желтоқсан айында Келес ауданы аумағымен өтетін облыстық маңызы бар КХ-20 «Абай – Ұшқын – Достық» автомобиль жолының 4+300 шақырымында орналасқан Келес өзені үстіндегі көпірдің ортаңғы тірегінде отырулар орын алып, салдарынан авариялық жағдайдағы нысан құлады.
Аталған көпір арқылы Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Ұшқын елді мекендерінен Абай ауылына тәулігіне 400-ге жуық автокөлік пен 7 мыңға жуық тұрғын қатынайтын. Көпірдің құлауы елді мекендер арасындағы көлік қатынасына елеулі қиындықтар туғызды.
Жағдайды тұрақты бақылауға алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету шараларын күшейтуді міндеттеді.
Мәселені жедел шешу мақсатында облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен шұғыл түрде айналма жол ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілерге арналған уақытша темір көпір орнатылды. Жұмыстар Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасыне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы Оңтүстік жолдары МКК тарапынан жүргізілді.
Қазіргі таңда көпірді қайта қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары заңнамаға сәйкес басталады.