КЕЛЕСТЕ КЕШЕНДІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

КЕЛЕСТЕ КЕШЕНДІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Елімізде «2026 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде.
Осыған орай Келес ауданында да азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығын пысықтауға бағытталған кешенді шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев азаматтық қорғау құрылымдарының әзірлік деңгейін жеке өзі тексерді. Аудан басшысы арнайы техникалардың жағдайымен танысып, авариялық-құтқару қызметтерінің көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығын бағалады.
— Көктемгі кезең – жауапкершілігі жоғары уақыт. Су тасқыны қаупінің алдын алу – баршамызға ортақ міндет. Әрбір қызмет өзіне жүктелген міндетті сапалы әрі уақытылы орындауы тиіс. Техника мен жеке құрам әрдайым дайын болуы керек. Халықтың қауіпсіздігі – біздің басты назарымызда, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Жаттығу барысында шартты түрде төтенше жағдай жарияланып, халықты эвакуациялау, қорғаныс бөгеттерін бекіту, инертті материалдарды дайындау және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық іс-қимылдар пысықталды.
Командалық-штабтық бөлімде басқару органдарының жедел шешім қабылдау, күш пен құралдарды үйлестіру қабілеті сыналды. Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, медицина саласы, коммуналдық қызметтер және өзге де жауапты құрылымдар қатысты.
Тексеру нәтижесінде жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, қауіпті учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізу және алдын алу жұмыстарын күшейту міндеттелді.