КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ИНСТИТУТТАРДЫҢ РӨЛІ АРТУДА

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ИНСТИТУТТАРДЫҢ РӨЛІ АРТУДА
Келес ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің І тоқсандағы отырысы өтті. Жиынға Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абрахманов қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Отырыста конституциялық реформа және алдағы референдум мәселесі қаралды. Жалпы білім беретін мектептің құқық пәнінің мұғалімі Нариман Кукебаев баяндама жасап, Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Баяндамашы Негізгі заңның құқықтық жүйенің өзегі екенін, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны мен маңызын түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар референдумның заңнамалық тетіктері мен азаматтардың қатысу тәртібі жөнінде ақпарат берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында Коалиция мүшелерінің аудандық ақсақалдармен кездесуі туралы айтылды. Кездесуде қоғамдық пікір алмасу, тұрғындарға ақпаратты дұрыс жеткізу және құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Қатысушылар қоғамда ашық диалог алаңдарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Үшінші мәселе бойынша Құқық қорғау және татуластыру орталығының атқарған жұмыстары тыңдалды. Келес ауданының бас биі Рахматулла Ермеков медиация институтының дамуы, дау-дамайларды сотқа дейін реттеу тәжірибесі және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы шаралар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға ықпал етуде.
Сондай-ақ жиында Ақсақалдар кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, ұйым жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды. Кеңес мүшелері алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындап, бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады.
Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар белгіленді.