КЕЛЕСТЕ ЖОЛ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢАРДЫ

КЕЛЕСТЕ ЖОЛ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢАРДЫ
Келес ауданында ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2025 жылы жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын 10 жоба 8 елді мекенде іске асырылды. Жобалардың негізгі бөлігі жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталып, нәтижесінде 7 елді мекендегі 21 көшеге, жалпы ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Жүзімдік ауылында 11 көше, Жаңа қоныста 3 көше, Жамбыл, Қарабура және Алғабас елді мекендерінің әрқайсысында 1 көшеден жөнделді. Сонымен қатар Қоңыртөбеде 2 көше, Береке ауылында 2 көше жаңартылды.
Инфрақұрылыммен қатар әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Аудан орталығы Абай ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік жасап отыр. Спорт кешенінде түрлі секциялар жұмыс істеуге жағдай қарастырылған. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған нақты қадам.
Мәдениет саласында да оң өзгеріс бар. Жүзімдік елді мекенінде 149 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай салынатын нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін жандандыруға бағытталған. Мұнда концерттер, түрлі мерекелік іс-шаралар, үйірмелер мен кездесулер өткізуге мүмкіндік болады. Нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сапалы электр қуатымен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Саңырау, Қоңыртөбе, Үшағаш және Ақсу елді мекендерінде электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылды. Нәтижесінде тұрғындар тұрақты әрі сапалы электр қуатына қол жеткізді.