КЕЛЕСТЕ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ МАМАНДАР ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

КЕЛЕСТЕ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ МАМАНДАР ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында өңірлерді дамыту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын нығайту және білікті кадрларды елді мекендерге тарту мәселесіне айрықша басымдық берілген. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға ауылдағы әлеуметтік саланы күшейтіп, жас мамандарға қолайлы жағдай жасауды тұрақты міндет ретінде жүктеген.
Осы стратегиялық міндеттер аясында Түркістан облысының Келес ауданында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба 2009 жылдан бері іске асырылуда және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласы, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету.
Жобаға қатысушыларға бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Ауылға жұмысқа барған мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін аудан орталығында 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал ауылдық елді мекендерде 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджеттік кредит беріледі. Кредит 15 жыл мерзімге рәсімделеді. Міндетті шарт – маманның ауылдық жерде кемінде үш жыл еңбек етуі.
2025 жылы Келес ауданына келген 120 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы беріліп, 55 маман тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несиемен қамтылды. Бұл өз кезегінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік салаларға қажетті кадрлардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік берді. Ал 2026 жылы 50 маманға көтерме жәрдемақы беру және 27 маманды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жоспарлы жұмыстардың жалғасуы ауылдық аумақтардағы кадр тапшылығын азайтып, әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға оң ықпал етпек.