КЕЛЕС ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

КЕЛЕС ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ
Келес ауданында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жан-жақты талқыланды. Жиында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, негізгі көрсеткіштер талданды.
Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 8 елді мекенде 10 жоба жүзеге асырылып, 7 елді мекендегі 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Абай ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, Жүзімдік елді мекенінде мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар бірнеше ауылда электр желілері жаңартылып, трансформаторлар орнатылған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 61 жоба қаржыландырылып, алдағы жылы 180 жобаны қолдау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде үш бірдей жаңа білім беру нысаны пайдалануға тапсырылған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 142,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсеткен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 71,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар 57,2 пайызға артығымен орындалған. Құрылыс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі артып, су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары толық орындалған. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту көрсеткіші 100 пайызды құраған. Дегенмен, егістік жерлерді игеру жоспары кейбір ауылдық округтерде толық орындалмағаны атап өтілді.
Сондай-ақ аудандағы 83 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылғаны айтылды. Қалған елді мекендерді газдандыру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Абай ауылында Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай ғимаратының құрылысы басталып, ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.
Жиын барысында аудандық мәслихаттың төрағасы, Қоғамдық кеңес төрағасы сөз алып, өткен жылғы жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.