КЕЛЕСТЕ ЖЫЛҚЫҒА ЖАРЫҚ ШАҒЫЛЫСТЫРҒЫШ ЛЕНТА ТАҒЫЛУДА

КЕЛЕСТЕ ЖЫЛҚЫҒА ЖАРЫҚ ШАҒЫЛЫСТЫРҒЫШ ЛЕНТА ТАҒЫЛУДА
Келес ауданы аумағы арқылы республикалық маңызы бар автомобиль жолы өтеді. Бұл жол ауданның ішкі елді мекендерін негізгі өңірлермен және көрші мемлекеттермен байланыстыратын маңызды көлік артериясы болып саналады.
Алайда соңғы уақытта аталған жол бойында түнгі мезгілде қараусыз жайылып жүрген жылқы малдары жиі байқалуда. Мұндай жағдайлар жол қозғалысына айтарлықтай қауіп төндіріп, жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе қараңғы уақытта жүргізушілер малды кеш байқап, ауыр зардаптарға әкелетін апаттар тіркелу қаупі жоғары.
Осыған байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында нақты шаралар қолға алынды. Республикалық маңызы бар жол бойында жайылатын жылқылардың саны анықталып, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін 267 бас жылқының мойнына түнгі уақытта жарық шағылыстырып тұратын арнайы ленталар тағу жоспарланды.
Арнайы жарық шағылыстырғыш белгілер көлік жүргізушілеріне малды алыстан көруге мүмкіндік беріп, қауіпті жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді. Қазіргі таңда Ақтөбе, Біртілек, Бірлік, Қошқарата, Бірлесу және Ошақты ауыл округтері аумағында ветеринария қызметкерлері тарапынан бірқатар шаруа қожалықтарының жылқыларына аталған ленталарды тағу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл – жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты өзекті мәселе. Осыған орай жолға жақын орналасқан шаруа қожалықтарын малдарының мойнына түнде жарық шағылыстыратын арнайы ленталарды тағуға шақырамыз.
Сонымен қатар, мал иелері өздеріне тиесілі жануарларды қараусыз қалдырмауға, олардың автожолдарға шығуына жол бермеуге міндетті екенін еске саламыз. Автожолдар бойында және жол жиегінде мал жаюға тыйым салынған.