ҚЫЗ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА

ҚЫЗ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА
Келес ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сталкингті тоқтат!» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, прокуратура, дін өкілдері, Аналар кеңесі мүшелері мен тұрғындар қатысты.
Жиын сахналастырылған көрініспен басталып, сталкинг пен некеге мәжбүрлеу мәселесіне арналған бейнероликтер көрсетілді. Қатысушыларға 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптар – 115-1-бап (сталкинг) және 125-1-бап (некеге тұруға мәжбүрлеу) туралы түсіндірілді.
Форум барысында аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев сөз сөйлеп, қыз-келіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу жұмыстары аудан көлемінде тұрақты жүргізілетінін жеткізді.
Келес аудандық полиция бөлімінің отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Венера Умаргазиева сталкингтің белгілеріне тоқталып, қудалау, аңду, қайта-қайта мазалау әрекеттері үшін заңда жауапкершілік бар екенін айтты. Мұндай жағдай орын алса, 102 нөміріне дереу хабарласу керектігін ескертті.
Аудан прокурорының орынбасары Ернар Саржан азаматтардың арыз-шағымдары заң аясында тіркеліп, әрбір дерекке құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Форумда қыз алып қашу мәселесі де сөз болды. Қатысушылар бұл әрекеттің дәстүр емес, адам құқығын бұзу екенін айтты. Неке тек екі жақтың ерікті келісімімен ғана жасалатыны, ал қорқыту немесе күш көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу қылмыс болып саналатыны түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушыларға арнайы жаднамалар таратылып, сталкинг пен мәжбүрлі некеге қатысты қандай әрекет жасау керектігі жөнінде ақпарат берілді.