КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ КОМПЛЕКСІН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ КОМПЛЕКСІН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА
Келес ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында жаңа ұлттық спорт комплексін (ипподром) салу жоспарлануда.
Аудан спортшылары көкпардан жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір абыройын асқақтатып келеді. Бұл – спортшылардың табандылығы мен бапкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Аталған жобаға қатысты талқылау Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиевтің ұйымдастыруымен өтті.
Жиында сөз алған Нұрмаханбет Нархозиев жобаның аудан үшін маңыздылығына тоқталып өтті.
– Ұлттық спортты дамыту – уақыт талабы. Жоспарланып отырған ипподром заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Бұл нысан тек жарыс алаңы ғана емес, жастарды тәрбиелейтін, ұлттық рухты нығайтатын орталыққа айналуы қажет. Сондықтан жобалау кезеңінде барлық техникалық талаптар мен сапа стандарттары қатаң сақталуы тиіс, – деді бөлім басшысы.
Жиынға мердігер мекеме өкілдері, Келес ауданы ұлттық спорт клубының директоры Санат Ботанбаев және Қошқарата ауылдық округі әкімдігінің мамандары қатысты. Кездесу барысында жобаның техникалық талаптары мен ұсыныстары қаралып, тапсырыс беруші тарапынан тиісті ескертпелер енгізілді.
Жоспарланған ұлттық спорт комплексі тек спорт нысаны ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен намысты сіңіретін, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды орталық болмақ.
Ипподромның іске асырылуы жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, аудан көлемінде ірі жарыстар өткізуге және туризмді дамытуға мүмкіндік береді.