Келес ауданының орталығы – Абай ауылында жауын-шашынның мол түсуіне байланысты бірқатар аумақтарда су жиналу деректері тіркелді. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынып, су басқан және су жиналған учаскелерді тазалау жұмыстары жедел түрде жүргізілуде.
Аудан әкімдігінің үйлестіруімен арнайы техникалар жұмылдырылып, су сорғыш қондырғылар арқылы көшелер мен аулалардағы жиналған су шығарылуда. Сонымен қатар арық-атыз жүйелерін ашу, су өткізу арналарын тазалау жұмыстары қатар атқарылып жатыр.
Тиісті сала мамандары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, ахуалды тұрақты бақылауда ұстауда. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Жауапты мекемелер табиғи жағдайларға байланысты туындаған қиындықтарды қысқа мерзімде жою бағытында жұмыстарды жалғастыруда.