Келес ауданында су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жалғасуда. Су тасқыны қаупі бар аймақтар мен елді мекендерді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аудан басшысы ықтимал су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайтуға бағытталған алдын алу шараларының жүзеге асырылуын пысықтады. Атап айтқанда, Келес өзенінің бойындағы көпірлердің жағдайы қаралып, жағалау учаскелерінің қауіпсіздігі тексерілді. Сонымен қатар, өзен деңгейі зерделеніп, судың қозғалысы мен туындауы мүмкін қауіптер талқыланды. Тексеру барысында қорғаныс бөгеттерінің беріктігі назарға алынып, оларды нығайту бойынша қажетті шаралар айқындалды. Жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту жүктелді.
Сондай-ақ, аудан басшысы өңірдегі ирригациялық жүйелердің жай-күйін бақылап, су арналары мен қашыртқылардың өткізу қабілетін арттыру, оларды дер кезінде тазалау және күтіп-ұстау мәселелеріне ерекше назар аударды. Аймақтағы су тасқыны қаупін болдырмау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.