КЕЛЕС АУДАНЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Келес ауданында жауын-шашын мөлшерінің артуына байланысты су тасқыны қаупі бар аймақтар ерекше бақылауға алынды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда су арналары мен қашыртқылардың өткізу қабілетін арттыру, арналарды механикалық тазалау және су шаруашылығы нысандарын ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар көктемгі және нөсерлі кезеңдерде болатын төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Аудан басшысы сала мамандарына қауіпті аймақтарды күнделікті мониторингтен өткізіп, қажетті техникаларды дайындықта ұстауды тапсырды. Әсіресе елді мекендерге жақын орналасқан су арналары мен тасқын қаупі жоғары учаскелерге басымдық берілуде.
Су шаруашылығы нысандарын жүйелі түрде тазалау мен жаңғырту – ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, аграрлық саланың тұрақты дамуына негіз болмақ. Кешенді жұмыстардың нәтижесінде егістік алқаптарды сумен қамту жақсарып, тұрғындардың қауіпсіздігі нығая түседі.
Айта кетейік, аудан бойынша жалпы ұзындығы 657,6 шақырымды құрайтын 148 канал және 393,6 шақырым болатын 144 қашыртқы бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды. Келес ауданында табиғи қауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады және әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда болады.