Президент Түркістан облысының арнайы экономикалық аймақтардағы тәжірибесін үлгі етті

Президент Түркістан облысының арнайы экономикалық аймақтардағы тәжірибесін үлгі етті
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне тоқталып, бұл бағыттағы Түркістан облысы мен Астана қаласының тәжірибесін үлгі ретінде атап өтті.
Мемлекет басшысы АЭА инвестиция тартудың нақты алаңына айналуы тиіс екенін айтып, Үкіметке үш ай ішінде оларды дамытудың жаңа моделін бекітуді тапсырды.
Президент Түркістан облысында бұрынғы әкім Дархан Сатыбалдының қолда бар қаржымен нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Өңірде 4397 гектарды қамтитын «Turan» арнайы экономикалық аймағы, дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриялық аймақ және шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істеп тұр.
2025 жылы Түркістан облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6% орындалды. Шетелдік инвестиция көлемі де жоспардан асып, 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. 58 жоба іске қосылып, 8 340 жұмыс орны ашылды. Алдағы жылдары мыңдаған жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.