ПРОБАЦИЯ, АЛИМЕНТ ЖӘНЕ ЖҰМЫС: КЕЛЕСТЕГІ ФОРУМДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

ПРОБАЦИЯ, АЛИМЕНТ ЖӘНЕ ЖҰМЫС: КЕЛЕСТЕГІ ФОРУМДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тәртіпке бастар жол – еңбек» тақырыбындағы аудандық форум өтті. Аталған іс-шара Келес аудандық прокуратурасы мен аудандық пробация қызметі бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Форумның басты мақсаты – қоғамдағы заң мен тәртіп құндылықтарын нығайту, пробация есебінде тұрған азаматтармен және алимент берешегі бар борышкерлермен жүргізіліп жатқан жұмыстарды кеңінен түсіндіру, сондай-ақ еңбек арқылы әлеуметтік бейімделудің маңызын насихаттау болды.
Іс-шараны жүргізуші форумды ашып, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» қағидатына тоқталып, заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізгі тірегі екенін атап өтті. Заңға бағыну – әр азаматтың борышы, ал тәртіп – ортақ жауапкершілік екені ерекше айтылды.
Форум екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде жауапты мекеме өкілдері баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Алдымен сөз Келес аудандық прокуратурасының прокуроры Жантөре Сарыпбекке беріліп, ол заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Сондай-ақ прокуратураның ұйымдастыруымен әзірленген «Жұмыссыздыққа тіркелу алгоритмі» тақырыбындағы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін Келес аудандық Мансап орталығының директоры Нұрипа Темірбаева азаматтарды жұмыспен қамту тетіктері жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Форум аясында Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Күлкі терапиясы» халықтық әзіл-ысқақ театры тақырыпқа сай қойылым ұсынып, көрермендерге ой саларлық көрініс көрсетті.
Екінші кезеңде арнайы шақырылған спикерлер өз пікірлерін ортаға салды. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі басқармасының бастығы Бағдаулет Сарыбаев, дінтанушы-ұстаз Жарқын Мырзатай, ауданның бас имамы Айдар Садық, аудан прокурорының орынбасары Ернар Саржан және «Миллион» командасының мүшесі, актер Қанат Тасқан болды.
Спикерлер заңға бағыну, еңбек ету, рухани тәрбие, жауапкершілік және қайта қылмыстың алдын алу мәселелері төңірегінде ой қозғап, қоғамға пайдалы азамат болудың маңызын атап өтті.
Форум барысында 2025 жылы пробация есебінде тұрған және алимент берешегі бар азаматтармен атқарылған жұмыстар туралы нақты статистикалық мәліметтер ұсынылды. Жұмыспен қамту бағыты бойынша есептегі азаматтардың 100 пайызы жұмысқа орналастырылғаны атап өтілді. Сонымен қатар, психологиялық, әлеуметтік және қаржылай көмектер көрсетілген. Алимент өндіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Борышкерлерге қатысты әкімшілік жауапкершілік, шектеу шаралары және профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар форумға қатысқан спикерлер мен қонақтарға алғыс білдіріп, мұндай кездесулер қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ мәдениет үйінің екінші қабатында пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды.