КЕЛЕС АУДАНЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 339 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 339 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» жобасы Келес ауданында жүйелі түрде іске асырылып, ауыл экономикасын дамытуға тың серпін беріп отыр. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
2023–2025 жылдары жоба шеңберінде Келес ауданында жалпы 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны ашылды. Негізгі басымдық мал және өсімдік шаруашылығына, жылыжай кешендерін дамытуға, балық және құс шаруашылығына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтауға берілді. Сонымен қатар тұрғындардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасалып, бірқатар шағын өндірістер іске қосылды.
2025 жылы жүзеге асқан жобалардың қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жүзім шаруашылығын дамыту, тігін бағытындағы шағын өндіріс ашу секілді бастамалар бар. Бұл жобалар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың дамуына оң ықпал етуде.
2026 жылға қайта өңдеу саласындағы жобаларды ұлғайтып, кемінде төрт кооператив құру міндеті қойылған. Осы бағытта Абай ауылында сүт өндіру кооперативі, Бірлесу ауылдық округінде құлпынай өсіру кооперативі бойынша құжаттар тиісті мекемеге жолданды.
Бірлік ауылдық округінде өндірістік парк құру мақсатында жер учаскесі белгіленіп, «Бір ауыл – бір өнім» қағидасымен жем-шөп дайындайтын цех салу және мал бордақылау алаңдарын біріздендірілген үлгіде орналастыру жоспарлануда. Ал Ақтөбе ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныс беріліп, болашақта балық өнімдерін сататын шағын сауда нүктесін ашу көзделуде.
Сондай-ақ бағдарлама аясында тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыты бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар ауылдық округтерден азаматтардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бірнеше жоба құжаттары дайындалу үстінде.