КЕЛЕС: ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАРДА ТҰРМЫС САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

КЕЛЕС: ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАРДА ТҰРМЫС САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Келес ауданындағы шекаралық елді мекендерде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Сапалы электрмен және суқұбыры жүйесімен қамту, жол және жарық инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жобалар ауыл тұрғындары үшін маңызды болып отыр.
Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол және Қауыншы елді мекендерінде электр желілерін жаңарту және кеңейту жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, Ақжол ауылындағы Қазақстан, Жаңақұрылыс көшелері мен Қауыншы елді мекеніндегі Көктіңұлы, Қажымұқан, Мұсабек батыр, Мұғалімдер, Қазыбек би, Б.Майлин көшелеріне жаңа электр желілері тартылып, бағаналар орнату және трансформатор қою жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда Қауыншы елді мекеніндегі бірқатар көшелерде электр желілері мен бағаналарын орнату жұмыстары басталып, құрылыс барысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін екі елді мекен сапалы және тұрақты электр қуатымен толық қамтылатын болады.
Сонымен қатар, ауыз су инфрақұрылымы толық жаңартылып, тұрғын үйлер сапалы сумен қамтамасыз етілді. Ауыл көшелеріне түнгі жарық шамдар орнатылып, үш шақырымдық аймақ түнгі жарықпен қамтамасыз етілді, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Жол инфрақұрылымы да назардан тыс қалмай, 33,85 шақырымдық жолдың 21,37 шақырымы асфальтталып, тұрғындардың қатынасы жеңілдетілді. Ақжол мен Қауыншы елді мекендерінде көшелерді жөндеу, тас шағал төсеу жұмыстары жүргізіліп, көлік қатынасы үшін маңызды бағыттар жаңартылды. Келес ауданында шекаралық ауылдарды дамыту бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.