Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Жүзімдік елді мекенінде салынып жатқан 149 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған. Нысан орналасқан жер телімінің аумағы 0,665 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы 356,30 шаршы метр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Алаңда 7 құрылысшы және бір техника жұмыс атқаруда.
Бүгінгі күнге дейін жер жұмыстары толық аяқталған. Іргетас құю, қабырғаларды қышпен қалау, сылау, шатыр жабу, фасадты металлосайдингпен қаптау жұмыстары біткен. Электр жүйесі қосылып, есік-терезелер орнатылған. Өрт сөндіру қоймалары, модульді қазандық құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда жылу жүйесін жүргізу және аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі сапа мәселесіне ерекше тоқталды.
— Мәдениет үйі – ауыл тұрғындарының рухани орталығы. Сондықтан құрылыс сапасына немқұрайлы қарауға болмайды. Әрбір жұмыс талапқа сай, стандартқа сәйкес орындалуы тиіс. Уақытынан кешіктірмей, белгіленген мерзімде аяқтау – басты міндет. Сапасыз атқарылған жұмысқа жол берілмейді, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Нысанды 2026 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген соң ауыл тұрғындары үшін мәдени іс-шаралар өткізуге және түрлі үйірмелер ұйымдастыруға мүмкіндік туады.