КЕЛЕСТЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА БІРДЕ-БІР ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН АУЫЛДАР БАР

КЕЛЕСТЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА БІРДЕ-БІР ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН АУЫЛДАР БАР
Келес ауданының орталығында орналасқан Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің 2025 жылғы атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалған ашық есеп беру жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етті. Оған аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан тұрғындары, ақсақалдар мен белсенді азаматтар, ауыл билері, бөлім және мекеме басшылары, қоғамдық кеңес өкілдері, ауыл округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
Күн тәртібінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша полиция қызметінің ашықтығын жетілдіру, «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.
Негізгі баяндама жасаған Келес аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Алмас Мырзахметов өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Баяндамашының мәліметінше, 2025 жылы аудан көлемінде тіркелген қылмыстар саны 3,1 пайызға азайған. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құраған. Интернет алаяқтық фактілері бойынша 26 дерек тіркеліп, оның 8-і сотқа жолданған. Қалған істер бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасуда. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қаржылық сауаттылыққа шақырып, алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейткен.
Есірткі қылмыстарының ашылуы 100 пайызды құрады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік бағытында 17 853 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында арнайы бөлімше құрылып, қорғау нұсқамалары берілген.
Сонымен қатар, «Ішімдіксіз ауыл» жобасының нәтижелері оң бағаланды. Бірқатар ауылдарда соңғы үш жылда қылмыс тіркелмегені атап өтілді. Жиын соңында аудан әкімі мен полиция бөлімінің бастығы үздік қызметкерлерді марапаттады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар назарға алынды. Жиын ашық әрі мазмұнды форматта өтіп, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталды.