Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және аудан аумағындағы санитарлық-тазалық жұмыстары кеңінен қаралды.
Алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өмірсерік Алтынбаев баяндама жасады.
Баяндамашының мәліметінше, 2023–2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында Келес ауданында 339 жоба 2,0 млрд теңгеге қаржыландырылып, 750 жаңа жұмыс орны ашылған.
2026 жылға өңір басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, қайта өңдеу саласына басымдық беріліп, кемінде 4 кооператив жобасын ұсыну міндеті қойылған. Қазіргі таңда Абай және Бірлесу ауылдық округтерінен кооператив жобалары облыстық «ЫРЫС» микроқаржы ұйымына жолданған.
Мәжілісте кейбір ауылдық округтер тарапынан жобалар ұсынуда баяулық бар екені атап өтілді. Аудан әкімі тиісті ауылдық округ әкімдеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-бағыты бойынша (тұрғындардың өз кәсібін ашуы) түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, құжаттарды уақтылы жинақтауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев баяндады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде 510 көше тазаланып, 2 591 тонна қоқыс шығарылған. Жалпы жұмыстарға 185 техника мен 32 мыңнан астам тұрғын тартылған.
Сонымен қатар, абаттандыру талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұлдар салынған. «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі арқылы түскен өтінімдердің барлығы орындалған.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәнібек Есенұлы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы ауыл әкімдерінің тікелей жауапкершілігінде екенін атап өтті. Әсіресе, «Ауыл аманаты» аясында өндірістік кооперативтер құру, қайта өңдеу саласын дамыту және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелеу бағытында нақты тапсырмалар берді.