Келес ауданында ерте көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда Біртілек, Қошқарата, Алпамыс батыр және Ақтөбе ауылдық округтерінде шаруалар қырыққабат, сәбіз және картоп дақылдарын егіп, дала жұмыстарына белсенді кіріскен. Күннің жылынуы мен ауа райының қолайлы болуы егіс қарқынын күн сайын арттырып отыр.
Биыл аудан бойынша ерте көкөніс өнімдерін егуге 6,4 мың гектар жер, ал картопқа 1,0 мың гектар алқап жоспарланған. 2 ақпанға дейін көкөніс дақылдары 110 гектарға, картоп 50 гектар жерге егілді.
Алпамыс батыр ауылдық округіндегі шаруа Хантөре Бекжан Асқарұлы 5 гектар жерге «Фарао» сұрпының қырыққабатын егіп жатыр. Оның айтуынша, бұл сұрып ерте пісуімен және өнімділігімен ерекшеленеді.
— Егіс жұмыстарын биыл ертерек бастадық. Ауа райы қолайлы болып тұр, топырақ та дайын. Бұл қырыққабат екі айдың ішінде пісіп жетіледі, сұранысы да жоғары. Егер күтімін дұрыс жасасақ, өнім сапалы болады деп отырмыз. Алдағы уақытта жиналған өнімді ішкі нарықпен қатар, шет мемлекеттерге де экспорттауды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа. Қазіргі таңда алқапта 8 адам тұрақты жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, биыл аудан аумағында көкөніс өнімдерін сақтауға арналған арнайы қоймалар салу көзделген. Жеке инвесторлар есебінен жүзеге асатын бұл жоба шаруаларға өнімді ұзақ уақыт сақтауға, ысырапты азайтуға және табысты арттыруға мүмкіндік бермек.