КЕЛЕСТІҢ ЫСТЫҚ ТОПЫРАҒЫ – ТОҚАШ РУХЫМЕН ЖАҢҒЫРДЫ

КЕЛЕСТІҢ ЫСТЫҚ ТОПЫРАҒЫ – ТОҚАШ РУХЫМЕН ЖАҢҒЫРДЫ
Келес ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың көрнекті ақыны Тоқаш Бердияровтың 100 жылдығына арналған «Келестің ыстық топырағы-ай» атты облыстық композиторлар байқауы өтті. Тағылымды шара ақынның рухани мұрасын ұлықтап, жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға бағытталды.
Мерекелік іс-шара аясында алдымен ақынға арналған көрме ұйымдастырылып, Тоқаш Бердияровтың өмірі мен шығармашылығын қамтыған арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар «Келестің ыстық топырағы-ай» атты театрландырылған көрініс сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Байқаудың ашылу салтанатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтады.
— Тоқаш Бердияров – қазақ халқының рухани қазынасын байытқан біртуар тұлға. Оның шығармаларында туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік, елге адал қызмет етудің өнегесі айқын көрініс табады. 30-ға жуық кітаптың авторы атанып, көптеген жыр шумақтарын дүниеге әкелген ақынның «Келестің ыстық топырағы-ай» өлеңі – ұлт руханиятына қосылған алтын көпір, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, бұл байқау ұлы тұлғаның мұрасын дәріптеумен қатар, жас композиторларға шабыт сыйлап, ұлттық өнердің сабақтастығын жалғастыруға жол ашатынын атап өтті.
Шара барысында «Өлең өлкесінің дарабозы» атты ұжымдық кітаптың тұсаукесері өтіп, ақын сөзіне жазылған «Ауыл» әні көпшілікке ұсынылды. Одан кейін облыс көлемінен келген үміткерлер өнер бәйгесіне түсіп, өз туындыларын қазылар алқасының назарына ұсынды.
Байқау қорытындысында үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Тағылымды кеш көрермендерге рухани әсер сыйлап, Тоқаш Бердияровтың бай мұрасын тағы бір мәрте насихаттауға мүмкіндік берді. 100 жылдық мерейтой аясындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.