Келес ауданы кубогының жүлдесіне арналған 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық бокс турнирі салтанатты түрде басталды. Ел көлеміндегі жас спортшылардың басын қосқан байрақты бәсеке Сырлы Келес өңірінде жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.
Турнирдің ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, жарысқа жиналған спортшылар мен қонақтарды құттықтады.
— Баршаңызды Сырлы Келес өңірінде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы республикалық бокс жарысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшыларға Келес жеріне қош келдіңіздер дей отырып, бұл дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне тілектестігімді білдіремін. Бүгінгі жарыс жас спортшылар үшін өз шеберлігін көрсетіп, тәжірибе жинақтайтын, достық пен әділ бәсеке орнайтын маңызды алаң болмақ, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, Жәнібек Есенұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға және жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Аудан көлемінде спорт инфрақұрылымын жаңғырту, балалар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ашылу салтанатына Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шаулиев және бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Сманов қатысты. Олар жарыстың ашылуында сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тілеп, әр жекпе-жекте табандылық пен әділ бәсеке көрсетуге шақырды.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ел спортына сіңірген еңбегіне құрмет ретінде Нұржан Смановтың иығына шапан жауып, ықыласын білдірді.
Айта кетейік, турнирге еліміздің облыс, қала және аудандарынан келген 18 құрама қатысуда. 250-ден астам жасөспірім спортшы 15 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынап жатыр. Жарыс 30 қаңтарға дейін жалғасады.