КЕЛЕСТЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

КЕЛЕСТЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Келес ауданында кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы кездесу өтті. Жиынға Түркістан облысының «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев қатысып, өңір тұрғындарына қолжетімді қаржыландыру бағдарламаларының шарттарын таныстырды.
Кездесу барысында «Ырыс» МҚҰ арқылы жүзеге асырылып жатқан несие бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жылдық 5–15 пайыз мөлшерлемемен 84 айға дейін несие беру қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу кезінде айыппұл санкциялары қолданылмайды.
Жиында көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасының шарттары да түсіндірілді. Бағдарлама аясында несие жылдық 5 пайызбен 12 айға дейін беріледі. Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мерзімі несие мерзімінің соңына жоспарланған.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер кеңінен баяндалды. Бағдарлама шеңберінде өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға, отбасылық бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын ашуға, мал басын көбейтуге, құс және балық шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтауға, өндіріс, өңдеу және қызмет көрсету салаларында жеке кәсіп ашуға, жылыжай кешендерін салуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және бау шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие мен лизинг қарастырылған.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, несие мерзімі 60 айға дейін, жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Негізгі қарыз бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі ұсынылады. Қаржыландыру сомасы кооперативтер үшін 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен қажетті жабдықтарды лизингке алу мүмкіндігі бар.
Кездесу барысында тұрғындар кепілмен қамтамасыз ету, құжаттарды рәсімдеу тәртібі және қаржыландыру мерзіміне қатысты сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.