ҚЫЛМЫСТЫ АШУ КӨРСЕТКІШІ ЖАҚСАРДЫ: КЕЛЕСТЕ ПОЛИЦИЯ ЕСЕП БЕРДІ

ҚЫЛМЫСТЫ АШУ КӨРСЕТКІШІ ЖАҚСАРДЫ: КЕЛЕСТЕ ПОЛИЦИЯ ЕСЕП БЕРДІ
Келес ауданында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Зиятаевтың төрағалығымен Келес аудандық полиция бөлімінің 2025 жылдың жұмыс нәтижелері қаралған отырыс өтті.
Жиын барысында аудан аумағындағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері жан-жақты сараланып, атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстарды ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы көрсеткіштер қаралды.
2025 жылдың қорытындысын талқылау кезінде бірқатар бағыттар бойынша қылмыстарды ашу деңгейінің артқаны атап өтілді. Бұл – учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының, профилактикалық шаралардың жүйелі жүргізілуінің нәтижесі екені айтылды.
Өз сөзінде полиция полковнигі Бауыржан Зиятаев қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – басты міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың жолын кесу, жол-көлік оқиғаларын азайту, жеке құрам арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа мүлде жол бермеу бағытында нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысында алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалып, полиция қызметінің тиімділігін арттыру бойынша міндеттер белгіленді. Келес ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.