Келес ауданында су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тұрғындармен есептік кездесулерінде көтерілген негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Ауыл тұрғындары егістік алқаптарды ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету жайын алға тартқан болатын. Бүгінде аталған мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Аудандық коммуналдық меншіктегі ұзындығы 18 шақырым Саңырау, 24,5 шақырым Шошым және 7,7 шақырым Игілік каналдарын бетонмен қаптау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаларды «Ислам Даму» банкінің бірінші және екінші кезеңдері аясында қаржыландыру жоспарланған. Биылғы жылдың екінші жартысында Саңырау каналын бетондау жұмыстары басталады.
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 127,9 шақырым болатын Тартулы, Араншы-2, Бес-Абдал, Ошақты, Оймауыт, 8-Ұлан, Жаңа-қият, Үш-Ағаш, Теріс және Р-28 каналдарын бетонмен қаптау үшін облыстық бюджеттен 103 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
2026 жылғы суғару маусымын сапалы өткізу, егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту және су тасқынының алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 218,5 шақырымды құрайтын 68 су нысанын механикалық тазалау жоспарланған. Оның ішінде 41 каналдың ұзындығы 141,5 шақырым, ал 27 каналдың ұзындығы 77 шақырымды құрайды.
Жұмыстарды атқару үшін облыстық «Тұран-су» мекемесінен 4 шынжыр табанды экскаватор және аудандық су шаруашылығы мекемесінен 1 техника тартылып, барлығы 5 арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда Біртілек және Алпамыс батыр ауылдық округтеріндегі қашыртқыларда тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Атқарылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде 6988 гектар егістік жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 1900 гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсарады. Бұл Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, шаруалардың тұрақты өнім алуына мүмкіндік жасайды.