КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫР АТЛЕТИКА ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫР АТЛЕТИКА ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының Келес ауданында ауыр атлетикадан жаңа жаттығу залы пайдалануға берілді. «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында ашылған зал жасөспірімдер мен жастардың кәсіби түрде спортпен айналысуына толық мүмкіндік береді. Жаттығу залы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Аталған жабдықтар Келес ауданының тумасы, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаевтың демеушілігімен алынған. Айта кету керек, бұл бастама ауыл тұрғындары мен ата-аналар тарапынан бұған дейін көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерация вице-президенттері, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл және 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа спорт нысанының маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Ауыр атлетика – үлкен тәртіпті, табандылық пен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі. Бұл зал – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қабілетін ерте анықтап, кәсіби спортқа бағыттау. Алдағы уақытта Келес ауданынан еліміздің намысын қорғайтын, әлемдік ареналарда көк туымызды желбірететін чемпиондар шығады деп сенемін., – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев биыл Келес ауданымен қатар Леңгір, Түлкібас және Созақ аудандарында да ауыр атлетика залдары ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан, Шымкент қаласы (Б. Саттарханов атындағы облыстық мектеп-интернат), Арыс қаласы мен Шардара ауданында 100-ден аса спортшы тұрақты түрде жаттықса, енді бұл көрсеткіш едәуір артады.