Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өсетінін, ал ет импорты 27 миллион тоннаға жететінін жеткізген болатын. Осыған байланысты Қазақстанның, әсіресе Азия елдеріне сапалы ет экспорттайтын ірі мемлекетке айналуына толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Президенттің бұл тапсырмасы ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамытуға бағытталған нақты жобалар арқылы іске асырылуда.
Аталған тапсырма аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағында қуаттылығы 20 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңын салу жоспарлануда. Жоба жеке кәсіпкердің бастамасымен жүзеге аспақ. Инвестор 20 гектар аумаққа 8 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен тұрғызуды көздеп отыр. Жобада қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, жағымсыз иіс пен қалдықтардың таралуына жол бермейтін экологиялық шешімдер қарастырылған.
Ауыл тұрғындарының алаңдаушылығы да назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын атап өтіп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Тұрғындар ауыл ішілік инфрақұрылымды жаңарту, мектеп пен мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Осы мәселеге қатысты аудан әкімі нақты түсініктеме берді.
– Ауылда кәсіпкерлер көбейсе, салық көлемі де артады. Ал салықтың артуы – ауыл бюджетінің ұлғаюы деген сөз. Соның нәтижесінде ауылға жол да салынады, мектеп те, мәдениет үйі де бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз және мұндай жобалар ауылдың дамуына тікелей әсер етеді, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Сондай-ақ кездесу барысында жайылымдық жерлер мәселесі көтерілді. Аудан әкімі жайылымдық жерлер кәсіпкерге берілмейтінін, тек жобаның бастапқы кезеңінде 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылатынын айтты. Кәсіп бастаймын деген жергілікті тұрғындарға да мемлекеттік қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Инвестор өз кезегінде нысанның санитарлық-қорғау аймағы, экологиялық қауіпсіздігі, қалдықтарды өңдеу тәсілдері және иіс шығармайтын заманауи технологиялардың қолданылуы жөнінде толық ақпарат берді. Жоба іске асқан жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жалпы, бұл инвестициялық жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға, аудан экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.