КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАР ҚАУПІНЕ ҚАРСЫ ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАР ҚАУПІНЕ ҚАРСЫ ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың шұғыл тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында қалың қардың түсуіне байланысты жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қардан тазалау жұмыстары жедел түрде күшейтілді.
Қазіргі таңда аудан көлеміндегі негізгі және ішкі жолдарды ашық ұстау үшін «Келес Қызмет» коммуналдық мекемесі тарапынан қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қар тазалау және көктайғақтың алдын алу шараларына 15 адам мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар жолдардың тайғақ болмауы үшін 30 тоннадан астам инертті материал себілуде.
Жұмыстар тәулік бойы, кезекшілік тәртібімен атқарылып, ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға, адам көп жүретін аумақтар мен көлік қозғалысы тығыз учаскелерге басымдық берілуде.
Аудан әкімі жағдайды жеке бақылауына алып, жауапты сала басшыларына қар тазалау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген. Қолайсыз ауа райы сақталған жағдайда тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.