Келес ауданына қарасты ауыл, ауылдық округтер аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыруға бағытталған жаппай тазалық шарасы өтті. Аталған іс-шара Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.
Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жол бойлары, ішкі көшелер, ретсіз өскен ағаш бұталары тазартылып, қолдан жасалған қоқыс полигондары жойылды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, 15 техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, өткен жылы аудан аумағында республикалық және облыстық маңызы бар жолдармен қатар 512 ішкі көше тазаланды. Сонымен бірге 37 аялдама сырланып, ретке келтірілді. Сондай-ақ 45 спорт және шағын ойын алаңшалары жаңғыртылды. 58 шақырым арық-атыздар қоқыстан тазартылып, 133 шақырым ирригациялық жүйе арналары қалпына келтірілді.
2025 жылғы көктемгі және күзгі маусымдарда егілетін ағаш көшеттері жоспарына сәйкес 50 600 түп ағаш толық отырғызылды. Олардың өнімділігі 85 пайызды құрап отыр. Абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты әкімдіктер мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп 702 хаттама толтырып, 14 млн 200 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен ауданға қар күрегіш және жол тазалау қондырғыларымен жабдықталған 9 дана трактор сатып алынды. Бұл техника алдағы уақытта елді мекендердің тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аудан аумағында тазалық пен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.