КЕЛЕС: ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАУЫНДА

КЕЛЕС: ГАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ТІКЕЛЕЙ БАҚЫЛАУЫНДА
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен газ қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиын өтті. Басқосуға Абай ауылы әкімдігінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, Абай газ шаруашылығы мекемесінің өкілдері, сондай-ақ Абай ауылындағы базар әкімшілігі мен кәсіпкерлік нысан иелері қатысты.
Жиын барысында Абай ауылындағы адам көп шоғырланатын кәсіпкерлік нысандарда газ пайдалану талаптарының сақталуы мәселесі қаралды. Қазіргі таңда аталған сауда орнында 187 газ тұтынушы абонент тіркелген. Жүргізілген зерделеу нәтижесінде, оның ішінде жалға алушы жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, барлығы 28 кемшілік анықталған.
Анықталған кемшіліктер бойынша Келес аудандық газ инспекциясының мамандары зерделеу актілерін рәсімдеп, кемшіліктерді жою жөнінде тиісті ұсынымдар мен ескерту хаттарын табыстады. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мақсатында түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Жиын барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев газ қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті.
— Газ қауіпсіздігі – тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Адам көп шоғырланатын нысандарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Анықталған кемшіліктер белгіленген мерзімде толық жойылуы қажет. Бұл ретте әрбір газ тұтынушы өз жауапкершілігін терең түсінуге тиіс, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңнаманың 30-бабына сәйкес, газ пайдаланушылардың барлығы қауіпсіздік талаптарын сақтауға жеке жауапты екендігі еске салынды. Аталған бағыттағы бақылау және алдын алу шаралары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.