Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Келес өңірінде өрт қауіпсіздігін сақтау және газдан уланудың алдын алу бағытындағы рейдтік және түсіндіру-профилактикалық іс-шаралар күшейтілді.
Осы мақсатта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты сала басшыларымен бірге аудан орталығындағы сауда орындары мен адам көп жиналатын әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аралау барысында аудан әкімі қауіпсіздік мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
— Тұрғындардың өмірі мен амандығы – басты басымдық. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін өрт пен газ қауіпсіздігі талаптарын сақтау әрбір азамат үшін міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Сонымен қатар, Жәнібек Ағыбаев жауапты мекемелерге тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарда өрт және газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Іс-шара барысында Келес аудандық газ-инспекциясы КММ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және газ шаруашылығы мекемесінің мамандары тұрғындарға газ және өрт қауіпсіздігі бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіз пайдалану ережелерімен таныстырды.
Айта кетейік, аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – газдан улану, өрт шығу және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу, адам шығынына жол бермеу. Қазіргі таңда Келес ауданының ауыл және ауылдық округтерінде газ қауіпсіздігіне қатысты кең ауқымды түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Түсіндіру барысында тұрғындарға тұрмыстық газ жабдықтарын дұрыс пайдалану бойынша нақты ұсыныстар беріліп, қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл қарастырылатыны ескертілді.