ҚОҒАМҒА ҚАЙТА БЕЙІМДЕУ: КЕЛЕСТЕ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

ҚОҒАМҒА ҚАЙТА БЕЙІМДЕУ: КЕЛЕСТЕ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ
Келес ауданында пробация қызметі есебінде тұрған, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамту, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары бойынша арнайы жиын өтті.
Жиын аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, отырысты Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев жүргізді.
Жиынға Келес ауданының прокурорының орынбасары Ернар Саржан, ауыл және ауылдық округ әкімдері, аудандық пробация қызметі бөлімі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, әлеуметтік бөлім, Мансап орталығы және Отбасын қолдау орталығының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, оларды еңбекпен қамту, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету, қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, бос жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қысқа мерзімді оқыту курстары мен кәсіпкерлікке баулу бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
— Пробация есебіндегі және жазасын өтеп келген азаматтарды жұмыспен қамту – тек әлеуметтік мәселе емес, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың да негізі. Әрбір мекеме өз құзыреті аясында нақты жұмыс жүргізіп, бұл санаттағы азаматтарды қолдауға бірлесіп атсалысуы қажет, – деді ол.
Жиын қорытындысында ауыл әкімдеріне пробация қызметімен бірлесе отырып, азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмысты күшейту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту және жеке кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны айтылды.