Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты Turkistan газетіне берген бағдарламалық сұхбатында егін шаруашылығындағы оң нәтижелерге ерекше тоқталып, осы жетістіктермен қатар мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды да жандандыру қажеттігін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы ет өндірісі мен экспорт көлемін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдап, мал шаруашылығын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар енгізу міндетін жүктеді. Бұл тапсырмалар бүгінде өңірлерде нақты істермен жүзеге асуда.
Президент тапсырмалары аясында аграрлық бағыттағы Келес ауданында егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын бұл салаға инвестиция тарту, өндірісті ұлғайту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынған.
Осы мақсатта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауыл және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендерде инвестициялық жобаларды дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралау мақсатында арнайы жиын өтіп, онда бірқатар ауылдық округ әкімдері жоспарланған инвестициялық жобаларды таныстырды.
Жиын барысында мал шаруашылығын терең дамытуға әлеуеті жоғары Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінің әкімдері өз аумақтарында жүзеге асырылуы көзделіп отырған инвестициялық жобалар туралы баяндады. Аталған екі ауылдық округте 15-тен астам инвестициялық жоба іске асырылмақ. Жобалардың басым бөлігі мал бордақылау алаңдарын салуға бағытталған. Бұл бастамалар өңірдің табиғи-климаттық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ет өндірісін ұлғайтуға жол ашады.
2025 жылдың екінші жартыжылдығындағы деректерге сәйкес, Келес ауданы бойынша ірі қара мал саны 75 395 басқа, ұсақ мал 395 979 басқа, жылқы 29 869 басқа, ал түйе 302 басқа жеткен. Бозай ауылдық округінде 7 535 бас ірі қара, 68 259 бас ұсақ мал және 1 729 бас жылқы тіркелсе, Жамбыл ауылдық округінде ірі қара мал саны 3 534 басқа, ұсақ мал 86 487 басқа, жылқы 3 594 басқа жеткен. Бұл көрсеткіштер аталған округтердің мал шаруашылығын дамытуға әлеуеті жоғары екенін айқын аңғартады.
Аудан әкімі жиын қорытындысында ауылдардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, жүзеге асатын жобалар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.