Орал қаласында ағымдағы жылдың 4–11 қаңтар күндері аралығында 2013–2014 жылдары туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған жарыста Түркістан облысының құрама командасының сапында Келес ауданының тумасы Алғибай Мариям Құдайбергенқызы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел чемпиондығына елеулі үлес қосты.
Абай ауылындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Мариям жарыс барысында ерекше шеберлік танытып, шешуші сәттерде командаға жеңіс әкелген ойын өрнегімен көзге түсті. Нәтижесінде жас волейболшы волейболдан екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды.
Бұл жеңіс – Келес ауданында өсіп келе жатқан жас спортшылардың әлеуетін айқындайтын маңызды жетістік. Жас спортшының табандылығы мен тынымсыз еңбегі туған ауылы мен аудан жастары үшін үлгі болып отыр.
Айта кетейік, 2013–2014 жылдары туған қыздар арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты 2026 жылдың 4–11 қаңтар аралығында Орал қаласында өтіп, жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының құрама командасы бірінші орынды иеленіп, ел чемпионы атанса, Шығыс Қазақстан облысы екінші, ал Ақтөбе облысы үшінші орынға тұрақтады.