Келес ауданы 2018 жылы Президент Жарлығымен қайта құрылып, өз алдына жеке аудан болды. Аудан қайта құрылған кезде елді мекендердегі ішкі жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі небәрі 21 пайызды ғана құрады.
Осы жылдар ішінде жол саласына ерекше көңіл бөлінді. 2019 жылы аудан аумағында 23 жол нысаны жөнделді. 2020 жылы 16 жол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы, тағы 16 жол жергілікті бюджет есебінен жаңартылды. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» аясында 2 жол, ал жергілікті қаржыға 6 жол жөндеуден өтті. 2022 жылы бағдарлама шеңберінде 7 жол нысаны іске асырылды. 2023 жылы 9 жол, 2024 жылы 15 жол жөнделді. 2025 жылы 21 жол нысанын жөндеу жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Жалпы 2019–2025 жылдар аралығында Келес ауданында 115 көше мен жол нысаны жөндеуден өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан ішіндегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 21 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Бұл тұрғындар үшін қатынасты жеңілдетіп, елді мекендер арасындағы байланысты жақсарта түсті.