Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасы негізінде өткен жылы аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және елді мекендердің көркін арттыру бағытында ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Жыл қорытындысы бойынша аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар, сондай-ақ 512 ішкі көшелер тазаланып, ретке келтірілді. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 37 аялдама сырланып, жаңартылды. Сонымен қатар, 162 шақырым аяқ жол, 27 саябақ пен сквер, 45 спорт және шағын ойын алаңшалары тазаланып, абаттандырылды.
Инженерлік инфрақұрылым бағытында 58 шақырым арық-атыз және 133 шақырым ирригациялық жүйелердің арналары қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстар су өткізу қабілетін арттырып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал етті.
Көгалдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылды. 2025 жылдың көктемгі және күзгі маусымдарында аудан бойынша 50 600 түп ағаш көшеттері отырғызылып, олардың 85 пайызы көктеп шықты.
Тазалық және абаттандыру іс-шараларына 13 000-нан астам адам және 118 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 350 тонна қоқыс шығарылды.
Абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында бақылау күшейтіліп, 2025 жылы әкімдіктер мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп 702 әкімшілік хаттама толтырып, 14,2 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ауыл және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан ӘҚБК-нің 505-бабы бойынша 187 хаттама рәсімделіп, 668 440 теңге айыппұл өндірілді.
Коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2025 жылы облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, оның аясында қар күрегіш және жол тазалау қондырғыларымен жабдықталған 9 дана LOVOL тракторы, 9 дана трактор тіркемесі және 3 дана погрузчик сатып алынды.
Аталған жұмыстар аудан аумағында тазалықты сақтау, инфрақұрылымды күтіп ұстау және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.