КЕЛЕС АУДАНЫНДА 51.5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 7 АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

КЕЛЕС АУДАНЫНДА 51.5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 7 АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысының Келес ауданы – табиғаты мен тіршілігі тұтасып жатқан нағыз аграрлы өңір. Сулы Келес пен Құр Келес өзендерінің арасына жайғасқан бұл аймақтың топырағы аса құнарлы. Халық арасында айтылатын «шыбық қадасаң, тал болатын жер» деген сөз Келес жеріне дәл келеді. Мұнда тек жер ғана емес, сол жердің қадірін білетін еңбекқор тұрғындар да мол.
Келестік диқандар ерте көктемнен бастап жер-ананы баптап, қар түскенше маңдай терін төгеді. Соның нәтижесінде бүгінде ашық алқаптың өзінде жылына үш өнім алу тәжірибесі қалыптасқан. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығындағы әлеуетінің айқын дәлелі.
Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жобалар іске асырылуда. Жалпы құны 51.5 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылып, 1 467 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бастамалар Келес ауданының экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзін ашпақ.
Ең ірі жобалардың бірі – «Ecoculture-Eurasia» ЖШС қолға алған заманауи жылыжай кешені. Жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын бұл жобаның алғашқы кезеңінде 50 гектар игерілуде. Құны 42 млрд теңге болатын жоба нәтижесінде 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс 2025–2026 жылдары жүргізілсе, 2025 жылы-ақ оның 6,25 гектары пайдалануға берілді. Жоба Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан.
Ауданның өзге елді мекендерінде де ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ошақты ауылдық округінде «EcoPaulownia KZ» ЖШС 100 гектар аумақта павлония көшеттерін отырғызып, 500 млн теңгелік инвестиция тартады. Бұл бастама 30 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығы да Келес ауданында қарқынды дамуда. Қошқарата ауылдық округінде «Абдималиков Мейіржан» шаруа қожалығы 15 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. 8,0 млрд теңгелік жоба 2026 жылы іске асырылып, 30 адам жұмыспен қамтылады.
Бау-бақша және жүзім шаруашылығы бағытында да тың жобалар бар. Біртілек ауылдық округінде «Умаров» шаруа қожалығы 12 гектар аумаққа шабдалы бауын отырғызуда. 200 млн теңге көлеміндегі бұл жоба 10 адамға жұмыс береді. Сонымен қатар осы округте жеке кәсіпкер «Абдиев» жүзім шаруашылығын дамытып, 3,2 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
Алпамыс батыр ауылдық округінде АӨК «Ер-Тайыр» 67 гектар аумақта жүзім бауын дамытуды қолға алған. 400 млн теңгелік жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асып, 30 адамды жұмыспен қамтымақ.
Сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округінде «Бозсу» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, 200 млн теңге көлемінде инвестиция тартуда. Бұл жоба аясында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Берекелі жері мен еңбекқор халқы бар Келес ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жаңа белестерді бағындыруда. Іске асырылып жатқан жобалар – өңір экономикасының тірегі ғана емес, ауылдың болашағына бағытталған нақты қадам. Келес – аграрлық әлеуеті зор, дамуға даңғыл жол ашқан өңір.